«Қазақстандық физикалық қоғам» РҚБ Президенті, ЭТФ ҒЗИ ғылыми жетекшісі, ҚР ҰҒА академигі, Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы ҚР 2015 жылғы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Т.Ә.ҚОЖАМҚҰЛОВТЫҢ

ҚЫСҚАША ӨМІРБАЯНЫ

 

Төлеген Әбдісағиұлы Қожамқұлов (29.04.1946 ж.т.) – көрнекті ғалым, біртуар физик-теоретик, «Эксперименталдық және теориялық физика» ҒЗИ-ның және «Қазақстандық физикалық қоғам» РҚБ-нің негізін қалаушы. Атом ядросы мен элементар бөлшектер физикасы, салыстырмалық және гравитация теориясы, өрістің кванттық теориясы салалары бойынша аса ірі маман. Торлы калибрлік өрісті стохастикалық кванттау туралы ғылымның жаңа бағытын дамытты. Стохастикалық өріс фонында жаңа типті жуықтап шешу теориясын құрып, торланған кванттық хромодинамикада (КХД) конфайнмент құбылысы болуын алғашқы болып дәлелдеді. Қисықты кеңістікте өрістердің ковариантты стохастикалық теңдеуі мен Паризи мен Ву (Parisi G., Wu У.) тәсілін кеңейтетін әртүрлі торлы калибрлік өрістерге арналған жоғары ретті жаңа стохастикалық теңдеулерді тұжырымдады. Әлемнің заманауи физикалық болмысын бейнелеу мен дамытуға бағытталған 300-ден аса ғылыми мақалалар мен монографиялар, кітаптар, оқу құралдары, «Кванттық механика» атты қазақ тіліндегі тұңғыш оқулықтың, тағы басқа да еңбектердің авторы. «Кванттық хромодинамика», «Тордағы калибрлеулік теориялар» атты жаңа арнайы курстартар жасады. Ол құрған ғылыми мектеп әлемге танымал болып, оның шәкірттері мен ізбасарлары бүгінде Ресей, АҚШ, Франция, Израиль, Ұлыбритания, Италия және т.б. ғылыми орталықтарда жұмыс жасайды.

Мектеп қабырғасында-ақ оның зеректігі мен қабылеттілігі байқалып, 13 жасында Бүкілодақтық «Артек» пионер лагеріне жіберілді. Онда «Фестиваль лауреаты. Артек» алтын медалімен марапатталды.

16 жасында С.М.Киров атындағы ҚазМУдің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) физика факультетіне түседі. Лениндік стипендиат болып оқып, ғылым, спорт және музыкамен белсенді айналысты. Алғашқы ғылыми еңбектерін жариялады. «Гравитациялық өрістің энергия-импульсі псевдотензорының әртүрлі формалары туралы» күрделі тақырыпта диплом қорғап, 1967 жылы университетті үздік бітірді.

21 жасында ол аты аңызға айналған А.Ф.Иоффе атындағы КСРО ҒА Ленинград физика-техникалық институтының дәстүрлі алдын ала ғылыми стажировкасын өтпестен, қабылдау емтиханның нәтижесі бойынша бірден аспирантурасына түсті. Бұл физтех тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға еді. Ол Л.Д.Ландау мен Е.М.Лифшицтің танымал көптомдық теориялық физика курсын толық көлемде меңгерген бірінші және жалғыз қазақстандық. Кандидаттық диссертациясының тақырыбы: «Ядродағы бөлшектердің тиімді өзара әрекеттесуін зерттеу», ал ғылыми жетекшісі атом ядросы теориясының сектор меңгерушісі, профессор Л.А.Слив болды.

Т.Ә.Қожамқұловтың табиғи таланты жете ашылып, аса жоғары деңгейлі маман физик-теоретик ретінде қалыптасуында РҒА Б.П.Константинов атындағы Ядролық физика институтының жылдық мектептері, РҒА Л.Д.Ландау атындағы Теориялық физика институтының ғылыми семинарлары, Нобель сыйлығының иегері Л.Д.Ландаудың айшықты шәкірті, академик А.Б.Мигдалдың жетекшілігімен маңызды ғылыми тағылымдамадан өткені баға жетпес рөл атқарды. Ол физик-теоретиктердің әлемдік элиталық ордасына қабылданған жалғыз қазақстандық. Т.Ә.Қожамқұлов 1986 жылы КСРО-да Торланған калибрлік теориялары бойынша бірінші болып, Украина КСР Ғылым академиясының Теориялық физика институтында, «Торлы калибрлік өрістерді стохастикалық кванттау» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.

Ол 1970-2008 жж. С.М.Киров атындағв КазМУде ассистенттен бастап, аға оқытушы, доцент, профессор, теориялық физика кафедрасының меңгерушісі, физика факультетінің деканы, университет ректоры қызметтерін атқарды. Елімізде ЖОО аясындағы алғашқы ҒЗИ болған, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің «Эксперименталдық және теориялық физика» ғылыми-зерттеу институтын» (ЭТФ ҒЗИ) құрып, оның тұңғыш директоры болды. Академиктің «Қол тумасы» басқа жетістіктеріне қоса, оның шығармашылық және ғылыми қызметінің мағыналы ісіне айналды. Қай жерде, қандай қызметте болмасын, оның Институтпен ғылыми байланысы ешқашан үзілген емес. Ол бүгін де Институтқа ғылыми жетекшілігін жалғастыруда. Т.Ә.Қожамқұлов бастаған ЭТФ ҒЗИ бір топ ғалымдары - үш буын физиктері, әлемдік деңгейдегі іргелі зерттеулерінің нәтижелері үшін «Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы ҚР 2015 жылғы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты» атанып, ерекшеленді. Бір ҒЗИ-ның 6 қызметкерінің Мемлекеттік сыйлықты жеңіп алуы бұрын-соңды кездеспеген факт еді.

Т.Ә.Қожамқұловтың ректорлығы кезінде (1998-2001 жж.) І.Жансүгіров атындағы Талдықорған университеті барлық жағынан жарқырап, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті мәртебесіне қол жеткізді. Сонымен қатар, ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы ЭТФ ҒЗИ бағдарламаларына ғылыми жетекшілігін жалғастырды. Бұл физик-теоретиктердің ерекшеліктерінің бір қыры. Сол кездегі ҚР Премьер-Министрі Қ.Қ.Тоқаев 2001 жылғы ақпандағы Талдықорған қаласындағы іс-сапары барысында университетте болып, оның қызметін жоғары бағалады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның ректоры болған 2001-2008 жылдары Т.Ә.Қожамқұлов университетті халықаралық деңгейге шығарды.

Мамандарды даярлаумен ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырудың  түбегейлі жаңа тәсілдері енгізілді. ҚазҰУ дәстүрлі құрылымдарымен қатар, ҒЗИ мен ғылыми орталықтар, технопарктің желісі құрылған елдегі алғашқы университет болды. Маман дайындаудың бакалавр, магистр, PhD докторлары сынды үш сатылы жаңа жүйесі енгізілді.

Студенттердің оқыуы мен демалысы, тамақтануы, спортпен шұғылдануы, рухани дамуы мен шығармашылық қызметі үшін заманауи жағдайлар жасалды. Университеттің үздік студенттеріне 100 Президенттік стипендия тағайындалды.

Т.Ә.Қожамқұлов Болонья қаласында (Италия,2013ж.) Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойды. Сөйтіп, ҚазҰУ Болонья процесіне Қазақстан мен Орта Азияда толық қатысушы ең алғашқы университет болып, Қазақстанның  ЖОО әлемдік білім беру кеңістігіне тікелей интеграциялануына жол ашты.

ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қолдауымен 2004 жылы Т.А.Қожамқұлов ұзақ жылдар бойы тоқтап қалған КазГУГрад құрылысының 14 нысаннан (Фундаментальды кітапхана, физика-техникалық, механика-математика оқу ғимараттары, химия факультеттері, ғылыми-зерттеу институттары, 500 және 800 орындық жатақханалар, бассейнді спорт сарайы және т.б.) тұратын 2-ші кезеңін бастады. Бұл университеттің одан әрі дамуындағы маңызды оқиға болды.

Мемлекетіміздегі ұжым жетістіктерінің жарқын көрсеткіші ретінде, 2006 жылы ЖОО ішінен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірінші болып «Алтын сапа» дәрежесін жеңіп алды. Бұл марапатты ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі тапсырды.

2008 ж. сәуірінен Т.Ә.Қожамқұлов ҚазҰУ ректорының кеңесшісі, ЭТФ ҒЗИ ғылыми жетекшісі және «Қазақстандық физикалық қоғам» РҚБ Құрушысы әрі Президенті (де 2017 ж).

ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.А.Назарбаевқа арнайы негіздеме - хат жолдап (2014 ж.), Т.Ә.Қожамқұлоа Қазақстан ғалымдарының Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымымен (CERN) (Женева қ., Швейцария) ынтымақтастығына алғашқы бастамашы болып, қолдау тапты (ҚР Президенті Әкімшілігінің 2014 жылғы 3 желтоқсандағы №ЖТ-К-10872.1 жауабы). ЭТФ ҒЗИ физиктері, 2017 жылы ақпанда, бірлескен ғылыми техникалық жобаларды жүргізу мүмкіндігі туралы, алдын-ала келіссөздер жасау үшін CERN-ге ресми сапармен барды. CERN өкілдері Қазақстанның жетекші университеттері мен ҒЗИ-да болып, ҚР Парламенті Сенатының және де салалық министрліктердің басшылығымен кездесті. Физиктердің қатысуымен 2018 жылы CERN және ҚР Үкіметі арасында халықаралық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Ал, 2019 жылы ҚР Парламенті келісімді ратификациялап, Мемлекет басшысы Қ.Қ.Тоқаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымының (CERN) арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты халықаралық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңына қол қойды. Бұл акт Отанымыздың ғылым тарихындағы аса маңызды оқиға болды. Қазақстанның CERN-ге қатысуы жаңа білімге қол жетімділікті ғана емес, сонымен қатар елдегі ғылыми зерттеулердің деңгейін және оның халықаралық беделін көтеруге мүмкіндік береді.

ҚР Президентінің Жарлығымен Т.Ә.Қожамқұловқа «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» атағы (1996 ж.), «әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы ҚР 2015 жылғы Мемлекеттік сыйлығы» берілді. Ол «Парасат» (2004 ж.) және II дәрежелі «Барыс» (2014 ж.) ордендерінің кавалері. «Қазақстанның Құрметті спорт қайраткері» (2005 ж.), «Қазақ ұлттық музыка Академиясының Құрметті профессоры» (2006 ж.). Нобель сыйлығының лауреаты П.Л.Капица атындағы «Ғылыми жаңалық ашқан авторға» Естелік медалінің иегері (Москва, 2003 ж.). Сондай ақ, ғылым, мәдениет және спорт салаларына сіңірген еңбегі үшін шетел және еліміздің әртүрлі медальдарымен марапатталған.

Т.Ә.Қожамқұлов – Алматы облысының (2001 ж.), Жамбыл ауданының (2006 ж.), Талдықорған қаласының (2016 ж.), сондай-ақ Аризона штаты Тусон қаласының Құрметті азаматы (АҚШ, 2007 ж.). Шет елдер мен Отанымыздың бірқатар университеттерінің құрметті профессоры.

 

 

Сәуір, 2021 ж.