Президенттің өмірбаяны

Т.А. Қожамқұлов, ҚР ҰҒА академигі

Президент

«Қазақстан физика қоғамы» РҚБ президенті. ЭТФ ҒЗИ-дың ғылыми жетекшісі.
ҚР ҰҒА академигі. Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор.
«Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері». 2015 жылғы әл-Фараби атындағы
ҚР ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Өмірбаян

ҚОЖАМҚҰЛОВ Төлеген Әбдісағиұлы (29.04.1946 ж.т.) – көрнекті ғалым, теориялық физик, «Эксперименттік және теориялық физика» ғылыми-зерттеу институтының және «Қазақстан физика қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы. Кванттық өріс теориясы, салыстырмалық теориясы мен гравитация, атом ядросы және элементар бөлшектер физикасы саласындағы ірі маман.

Ол тордағы калибрлік өрістерді стохастикалық кванттаудың жаңа ғылыми бағытын дамытты. Стохастикалық өріс аясында жаңа типтегі бұзылу теориясы құрылып, алғаш рет есептік әдіспен торлық кванттық хромодинамикада (КХД) конфайнмент құбылысының бар екендігі дәлелденді. Өрістердің иілген кеңістігінде ковариантты стохастикалық теңдеу шығарылды. Тордағы түрлі калибрлік өрістерге арналған стохастикалық теңдеулер тұжырымдалды. Паризи мен Ву тәсілін жалпылап, өріс теориясында жоғары ретті айырмалы стохастикалық теңдеулер алынды.

Ол – 300-ден астам ғылыми еңбектің, мақалалардың, кітаптардың, оқу құралдары мен әдістемелік нұсқаулықтардың авторы. Барлығы заманауи физика бейнесін түсіндіруге және дамытуға бағытталған. Ол «Кванттық хромодинамика», «Тордағы калибрлік теориялар» атты арнайы курстарды әзірледі, қазақ тіліндегі алғашқы оқулық – «Кванттық механика» жарыққа шықты. Академик құрған ғылыми мектеп халықаралық деңгейде мойындалған, ал шәкірттері мен ізбасарлары Ресей, АҚШ, Австрия, Франция, Израиль, Ұлыбритания, Италия, Жапония сынды елдердің ғылыми орталықтарында қызмет атқаруда.

Мектеп жасында-ақ оның ерекше қабілеттері байқалып, 13 жасында бүкілодақтық «Артек» піонер лагеріне жолдама алды. Онда «Артек фестивалінің лауреаты» алтын медалімен марапатталды.

16 жасында С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) физика факультетінің студенті атанды. Ленин стипендиаты болды, ғылыммен, спортпен, музыкамен белсенді айналысты. Алғашқы ғылыми еңбектерін студент кезінен бастап жариялады. 1967 жылы «Гравитациялық өрістің энергия-импульс псевдотензорының әртүрлі формалары жайлы» тақырыбында дипломдық жұмысын сәтті қорғап, университетті үздік бітірді.

21 жасында КСРО ҒА А.Ф.Иоффе атындағы Ленинград физика-техникалық институтының (қазіргі РФ РАН А.Ф.Иоффе атындағы ФТИ) аспирантурасына алдын ала ғылыми тәжірибесіз-ақ қабылданды. Бұл – физтех тарихындағы бірегей оқиға. Ол – Л.Д.Ландау мен Е.М.Лифшицтің көптомдық теориялық физика курсы бойынша емтиханды толық тапсырып, оны сәтті меңгерген алғашқы және жалғыз қазақстандық.

Кандидаттық диссертациясы «Ядро ішіндегі бөлшектердің тиімді әсерлесуін зерттеу» тақырыбына арналған. Ғылыми жетекшісі – ядролық физика секторының меңгерушісі, профессор Л.А.Слив.

Оның теориялық физик ретіндегі дарындылығы мен кәсібилігінің қалыптасуына РФ РАН Б.П.Константинов атындағы Ядролық физика институтының жыл сайынғы мектептері, сондай-ақ Л.Д.Ландау атындағы Теориялық физика институтының ғылыми семинарлары зор әсер етті. Ол Нобель сыйлығының лауреаты Л.Д.Ландаудың шәкірті, академик А.Б.Мигдалдың жетекшілігімен ғылыми тағылымдамадан өтті. Әлемдік элитаға жататын теориялық физиктер қауымына қабылданған жалғыз қазақстандық.

1986 жылы Т.А.Қожамқұлов КСРО-да алғаш рет торлық калибрлік теориялар бойынша докторлық диссертация қорғап шықты. Тақырыбы – «Тордағы калибрлік өрістерді стохастикалық кванттау». Қорғау Украин КСР ҒА-ның Теориялық физика институтында (Киев) өтті. 1989 жылы КСРО ЖАК оған профессор ғылыми атағын берді.

1970–2008 жылдары С.М.Киров атындағы ҚазМУ-де ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор, теориялық физика кафедрасының меңгерушісі, физика факультетінің деканы, университет ректоры сияқты қызмет сатыларынан өтті.

Қазақстанда жоғары оқу орны жанындағы алғашқы ғылыми-зерттеу мекеме – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы «Эксперименттік және теориялық физика» ғылыми-зерттеу институтын (ҒЗИ ЭТФ) құрып, алғашқы директоры болды. Академиктің бұл бастамасы оның шығармашылық және ғылыми өмірінің негізгі өзегіне айналды. Ол қандай қызмет атқарса да, ЭТФ ҒЗИ-мен ғылыми байланысын үзген емес. Бүгінде де институттың ғылыми жетекшісі қызметін атқарады.

2015 жылы академик Т.А.Қожамқұлов басқарған үш буын ғалымдардан құралған ЭТФ ҒЗИ тобы әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Жүлде – әлемдік деңгейдегі іргелі зерттеу нәтижелері үшін берілді.

2001–2008 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры қызметін атқарып, университетті халықаралық деңгейге көтерді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен 2004 жылы Т.А.Қожамқұлов ҚазМУград құрылысын қайта жандандырып, оның дамуының екінші кезеңін бастады. Бұл университеттің өркендеуіндегі маңызды оқиға болды.

2008 жылдың сәуірінен бастап – ҚазҰУ ректорының кеңесшісі, ЭТФ ҒЗИ ғылыми жетекшісі. 2017 жылдың сәуірінен бастап – «Қазақстан физика қоғамы» РҚБ-нің негізін қалаушысы және президенті.

1996 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» атағы берілді. 2015 жылы – әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. 2004 жылы – «Парасат» орденімен, 2014 жылы – ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған. Қазақстан мен шет елдердің білім, ғылым, мәдениет пен спорт салаларындағы еңбегі үшін медальдармен марапатталған.

Алматы облысының (2001 ж.), Жамбыл ауданының (2006 ж.), Талдықорған қаласының (2016 ж.) және АҚШ-тың Аризона штаты Тусон қаласының (2007 ж.) Құрметті азаматы. Қазақстан және шетел университеттерінің Құрметті профессоры.