Президенттің өмірбаяны

Төлеген Әбдісағиұлы Қожамқұлов

Президент

ҚОЖАМҚҰЛОВ ТӨЛЕГЕН ƏБДІСАҒИҰЛЫ «Қазақстандық физикалық қоғам» РҚБ Президенті, ҚР ҰҒА академигі, Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Əл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы ҚР 2015 жылғы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым жəне техника қайраткері»

Т.Ə.Қожамқұлов – ғұлама ғалым, көрнекті физик-теоретик, кванттық өріс теориясы, салыстырмалық жəне гравитация теориясы, атом ядросы мен элементар бөлшектер физикасының аса ірі маманы, жасампаз-педагог, ғылым, білім саласының білікті ұйымдастырушысы, əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Эксперименталдық жəне теориялық физика» ҒЗИ-ның негізін қалаушы, тұңғыш директоры.

2026 жыл Т.Ə.Қожамқұловтың туғанына 80 жыл жəне оның Украина КСР Ғылым академиясының Теориялық физика институтында (Киев) «Тордағы калибрлі өрістерді стохастикалық кванттау. Теория жəне сандық эксперимент» атты торлы калибрлі теориялар (торлы кванттық хромодинамика) бойынша КСРО-дағы тұңғыш докторлық диссертация қорғағанына 40 жыл толды. Бұл жұмыс КСРО-да кванттық хромодинамикадағы пертурбациялық емес əдістер бойынша жаңа ғылыми бағыт ашып, ғылыми ортада жоғары бағаланды.

Төлеген Əбдісағиұлы Қожамқұлов 1946 жылы 29 сəуірде Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылында туған, қазақ, ҚР азаматы.

Əкесі Əбдісағи Қожамқұлов (18.03.1922 – 03.05.2002) еңбек жəне Ұлы Отан соғысының ардагері, 1-ші дəрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Аты аңызға айналған 8-ші гвардиялық Панфилов атқыштар дивизиясының қатардағы жауынгері. Ол қанды шайқаста ауыр жараланып, оң жақ күре тамырын жарып өтіп, жүрегінде тұрып қалған жау оғымен өмір сүрді.

Анасы Қаншайым Досбайқызы Қожамқұлова (09.24.1924 – 02.14.2014) Қазақстан Республикасының «Алтын алқа» алқасымен марапатталған. Өмірін күйеуіне, балалары мен немерелеріне арнаған, көп балалы батыр ана.

Мектеп қабырғасында ақ Төлегеннің зеректігі мен қабылеттілігі байқала бастады. Бүкілодақтық «Артек» пионерлер лагеріне жіберілген Қазақстандық дарынды оқушыларның ішінде Төлегенде болды. Түрлі спорттық жарыстарға, соның ішінде шахматқа қатысып, жеңіске жеткені үшін, гармошкамен қазақ əндерінен попурри орындағаны үшін «Фестиваль лауреаты. Артек» алтын медалімен марапатталды. Ол кезде 13 жаста еді.

Төлеген 16 жасында С.М.Киров атындағы ҚазМУнің (қазіргі əл-Фараби атындағы ҚазҰУ) физика факультетіне түсті. Лениндік стипендиат болып оқып, ғылым, спорт жəне музыкамен белсенді айналысты. Алғашқы ғылыми еңбектерін жариялады. Студенттер үшін Лениндік стипендият болу «Еңбек Ері» атанумен парапар еді. Ол «Гравитациялық өрістің энергия-импульсі псевдотензорының əртүрлі формалары» атты күрделі тақырыпта диплом қорғап, 1967 жылы университетті үздік бітірді.

1962 жылы оқуға түскен 100 студенттің тек 40-ы ғана факультетті бітірді (С.М.Киров атындағы ҚазМУнің 05.07.1967 жылғы No 1008 бұйрығы). Төртеуі үздік бітірді. Соның ішінде Т.Ə.Қожамқұлов «5» деген орташа баллға ие болып, түлектер тізімінде бірінші орынға шықты. Осы жағдай оның тағдырына үлкен əсер етті. Ол КСРО ҒА А.Ф.Иоффе атындағы ЛФТИ аспирантурасына бөлінген жалғыз орынға жіберілді (қазіргі РҒА А.Ф.Иоффе атындағы ФТИ). Ол институттың қабырғасында П.Л.Капица, И.В.Курчатов, Н.Н.Семенов, Л.Д.Ландау, Ю.Б.Харитон тағы басқа да көрнекті ғалымдар сомдалған.

1967 жылы, 21 жасында, Т.Ə.Қожамқұлов дəстүрлі алдын ала ғылыми тағылымдамадан өтпей-ақ емтихандарын тапсырып, бірден КСРО Ғылым академиясының аты аңызға айналған Ленинградтық А.Ф.Иоффе атындағы физика-техникалық институтында аспирант болды. Бұл институт тарихындағы ерекше жағдай.

Ол Л.Д.Ландау мен Э.М.Лифшицтің əйгілі көптомдық теориялық физика курсын толық меңгеріп, емтиханнан сəтті өткен алғашқы қазақстандық. Оның кандидаттық диссертациясы «Ядродағы бөлшектердің тиімді өзара əрекеттесуін зерттеу» деп аталды. Ғылыми жетекшісі Физтехтың Атом ядросы теориясының сектор меңгерушісі, профессор Л.А.Слив болды.

Сол жылдары Төлеген туған жеріне, еліне, шығу тегіне деген сағынышсүйіспеншілігін «Туған жерді есіңе ал» əні арқылы жеткізді. Ол шыдамы таусылар сəттерде Жамбыл көшесіне (Ленинград қ.) барып, демалып, ой түзеп, қуаттанып қайтатын. Қазəр бұл көшеде домбыра ұстаған Жамбыл ескерткіші тұр. Ескерткіштің етегінде Жамбылдың «Ленинградцы дети мои! Ленинградцы гордость моя!» деген сөзі жазылған мəрмəр баспалдақтар бойымен су ағып жатыр. Өлеңнің əріптері Делфиндерше тулап, билеп жатады. Жанынан жанарын оған тікпей ешкім өте алмайды. Адам ақыл-ойының архитектуралық кереметі!

Дараланған ерекше қасиеттері Төлегеннің жолын жарқын да, бірегей етті. РҒА Б.П.Константинов атындағы Ядролық физика институтының жыл сайынғы мектептері, сондай-ақ Л.Д.Ландау атындағы теориялық. физика институтының ғылыми семинарлары оның табиғи талантын ашуда жəне жоғары деңгейдегі кəсіпқой физик-теоретик ретінде қалыптасуында баға жетпес рөл атқарды. Ол Нобель сыйлығының лауреаты Л.Д.Ландаудың шəкірті əрі серіктесі РҒА академигі А.Б.Мигдалдың жетекшілігімен беделді ғылыми тағылымдамадан өтті. Ол теориялық физиктердің əлемдік элиталық қаумдастығына қабылданған жалғыз қазақстандық болды.

1986 жылы Т.Ə.Қожамқұлов Украина КСР ҒА Теориялық физика институтында (Киев) «Тордағы калибрлі өрістерді стохастикалық кванттау. Теория жəне сандық эксперимент» атты торлы калибрлі теориялар (торлы кванттық хромодинамика) бойынша КСРО-да тұңғыш докторлық диссертация қорғады. Ол аяқталғаннан кейін, көңілі шалқып, ғимаратта тұрған фортепианода ойнай бастап еді, оның «Жан элегиясы» атты жаңа мелодиясы құйылып түсті.

2010 жылы CERN-нің Үлкен Адрон коллайдерінде алғаш рет кварк-глюон плазмасы – Үлкен жарылыстан кейінгі бір секундтың алғашқы бөліктеріндегі Əлемдегі заттың күйі – алынды. «Физика үшін керемет күн» деп аталған бұл шынымен де тарихи оқиға Т.Ə.Қожамқұловтың аталған оқиғадан 24 жыл бұрын докторлық диссертациясында баяндалған элементар бөлшектердің құрылымы туралы тұжырымдарды эксперименталды түрде растады.

1989 жылы КСРО Жоғары аттестаттау комиссиясы Т.Ə.Қожамқүловтың профессор ғылыми атағын бекітті.

Т.Ə.Қожамқұлов өрісті стохастикалық кванттау туралы ғылымның жаңа бағытын дамытты. Стохастикалық өріс фонында жаңа типті жуықтап шешу теориясын құрып, торланған кванттық хромодинамикада (КХД) конфайнмент құбылысы болуын алғашқы болып дəлелдеді. Қисықты кеңістікте өрістердің ковариантты стохастикалық теңдеуі мен Паризи мен Ву (Parisi G., Wu У.) тəсілін кеңейтетін əртүрлі торлы калибрлік өрістерге арналған жоғары ретті жаңа стохастикалық теңдеулерді тұжырымдады. Тек бүгінгі таңда ғана, кванттық технологиялардың дамуына байланысты, 40 жыл бұрын Т.Ə.Қожамқұлов теория жүзінде алған кварк конфайнменті іргелі құбылысының эксперименттік модельдеуі кванттық процессорларда басталды.

Əлемнің заманауи физикалық болмысын бейнелеу мен дамытуға бағытталған 300-ден аса ғылыми мақалалар мен монографиялар, кітаптар, оқу құралдары, «Кванттық механика» атты қазақ тіліндегі тұңғыш оқулықтың, тағы басқа да еңбектердің авторы. «Кванттық хромодинамика», «Тордағы калибрлеулік теориялар» атты жаңа арнайы курстар жасады. Академик құрған ғылыми мектеп бүкіл əлемге кеңінен танылды, оның шəкірттер мен ізбасарлары АҚШ, Австрия, Франция, Израиль, Ұлыбритания, Италия, Жапония, Ресей т.б. ғылыми орталықтарда жұмыс істейді.

Ол 1970-1998 жж. С.М.Киров атындағы ҚазМУде ассистенттен бастап, аға оқытушы, доцент, профессор, теориялық физика кафедрасының меңгерушісі, физика факультетінің деканы қызметтерін атқарды. Оның ерекше таланты, авангардтық ойлау қабілеті, кезектен тыс көшбасшы-инноватордың терең əлеуеті факультетте жұмыс істеген кезде де айқын көріне бастады. Елімізде ЖОО аясындағы алғашқы ҒЗИ болған, əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің «Эксперименталдық жəне теориялық физика» ғылыми-зерттеу институтын» (ЭТФ ҒЗИ) құрып, оның тұңғыш директоры болды. Институт тек қызметкерлер үшін ғана емес, студенттер үшін де ғылымның нағыз алаңына айналды. Бүгінде ЭТФ ғылыми-зерттеу институты Қазақстандағы ең ірі институттардың біріне айналды. Т.Ə.Қожамқұлов бастаған ЭТФ ҒЗИ бір топ ғалымдары – үш буын физиктері, əлемдік деңгейдегі іргелі зерттеулерінің нəтижелері үшін «Əл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы ҚР 2015 жылғы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты» атанып, ерекшеленді. Бір ҒЗИ-ның 6 қызметкерінің Мемлекеттік сыйлықты жеңіп алуы бұрын-соңды кездеспеген факт еді.

Осы жылдары Қазақстанның егемендік алуымен орай əлемдік білім беру жүйесіне бейімделу орын алды. Əл-Фараби атындағы ҚазҰУнің физика факультетінде оқытудың 3 сатылы жүйесі мен кредиттік технологиясын дамыту басталды. Кейін бұл тəжірибе бүкіл университетке жəне бүкіл республикаға тарады. Ол «кредит» ұғымының қазақ тіліндегі аналогы болып табылатын «қосар» сөзінің авторы. Бұл термин білім берудің кредиттік жүйесінің мəнін жақсы көрсетеді: əрбір «несие-сағат» білім алушы алатын білімнің белгілі біркөлемін (квантын) құрайды жəне алдыңғы «несие-сағат» кезінде алған біліміне қосылады.

Қазақстан Республикасы Президенті жарлығымен Т.Ə.Қожамқұловқа «Қазақстанның еңбек сіңірген ғалым жəне техника қайраткері» атағы берілді (1996)

1998-2001 жылдары Т.Ə.Қожамқұловтың ректорлығы кезеңінде Талдықорған университеті барлық қырынан жарқырап, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті жоғары мəртебесіне ие болды (ҚР Үкіметінің 1999 жылғы 21 сəуірдегі №441 қаулысы).

 – университеттің мемлекеттік университет мəртебесін қорғап, оны жекешелендіруге жататын университеттер тізімінен алып тастады;

 – сол қиын жылдары тəуелсіз жылыту жүйесін салды жəне 25 жыл ішінде алғаш рет университет қаладағы жылытылатын бірнеше ғимараттардың біріне айналды;

– қазақ халық аспаптары оркестрін қайта құрды;

– университеттің музыка факультеті үшін бұрынғы облыстық филармония ғимаратын сақтап қалды;

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Қ.К.Тоқаев Талдықорған қаласына сапары кезінде (ақпан 2001) университетте болып, ұжымның қызметін жоғары бағалады. 2001-2008  жылдары Т.Ə. Қожамқұлов Əл-Фараби атындағы ҚазҰУнің ректоры лауазымында, университетті жоғары халықаралық деңгейге көтерді.

Жаңа ректордың алғашқы қадамдарының бірі оның  академиялық кеңесте ҚазМУградтың негізін қалаушы, 1970–1986  жж. университет ректоры болған  Ө.А.Жолдасбековті мəңгі есте қалдыру мақсатында студенттер сарайына сол кісінің атын беру ұсынысы болды. Бұл акт біріктіруші қағидатқа айналып,  əркімнің өз үлесін лайықты бағалауға деген сенімін нығайтты.

 –  Кадрларды даярлауға жəне ғылыми-зерттеу жұмыстарын  ұйымдастыруға түбегейлі жаңа көзқарас енгізілді. ҚазҰУ республикадағы  алғашқы университет болды, онда дəстүрлі құрылымдармен қатар 15 ғылыми зерттеу орталығының, 7 ғылыми-зерттеу институты мен технопарктің желісі құрылды. Сондай-ақ үш сатылы оқыту енгізілді: бакалавриат, магистратура, PhD докторантура. Бұл ғылыми-білім беру саласында инновациялық  кластерлердің нақты пайда болуының үлгісі болып табылатын.

 – Студенттердің өмірі мен демалысына, тамақтануына, спортына, рухани дамуына, шығармашылық белсенділігіне заманауи жағдайлар жасалды. Жатақханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қатты жəне жұмсақ жабдықтар толық жөнделді, интернетке қол жеткізе алатын компьютерлік сыныптар құрылды. – Кəсіби спортшылар саны артты: егер 2001 жылы бір ғана спорт шеберіне кандидат жəне 16 бірінші разрядты студент болса, 2008 жылдың басында 12 халықаралық спорт шебері, 34 спорт шебері, 61 спорт шеберіне  кандидат жəне 384 бірінші разрядты студент, оның ішінде Олимпиада құрамасының 16 мүшесі жəне Қазақстан Республикасы Ұлттық құрамасының 46 мүшесі болды. Университеттің биология факультетінде дене шынықтыру бөлімі ашылды.

-2001 жылы ҚазҰУ-да докторлық жəне ғылым кандидаты дəрежелерін алу үшін бірнеше ғана диссертациялық кеңестер болса, 2007 жылдың соңына  қарай 67 мамандық бойынша 24 докторлық кеңес болды.

– МАГАТЭ-нің мақсатты грантымен 2005 жылы, үш онжылдықта алғаш  рет, университет гамма қондырғыларын іске қосып, Курчатовта 78 Кабельт-60 радиоизотоптарын жоюға қол жеткізді.

 – Университеттің үздік студенттері үшін 100 Президенттік стипендия  тағайындалды.

– Т.Ə.Қожамқұлов Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойды  (Болонья, Италия, 2003). ҚазҰУ Болон процесіне толықтай қатысқан  Қазақстан мен Орта Азиядағы алғашқы университет болды жəне  Қазақстанның Жоғары мектебінің қазіргі əлемдік білім беру кеңістігіне  тікелей кіруіне жол ашты.

 – көп жылдар бойы тоқтап тұрған ҚазМУград құрылысының 2-кезегін (14 нысаннан тұратын, оның ішінде іргелі кітапхана, физика-техника, механика  жəне математика оқу ғимараттары, химия факультеттері, ғылыми-зерттеу институттары, 500 жəне 800 орындық жатақханалар, жүзу бассейні бар спорт  сарайы кіретін) 2004 жылы бастады. Бұл университеттің одан əрі дамуындағы  ең маңызды оқиға болды.

ҚазҰУ еліміздің жоғары оқу орындары арасында бірінші болып «Алтын сапа» ҚР Президенті сыйлығына ие болды (2006).

Ғылым мен білім беруді, мəдениетті, спортты, ұлттың рухани жəне дене тəрбиесін жетілдіруге, халықтар арасындағы достықты нығайтуға қосқан жеке үлесі үшін Т.Ə.Қожамқұлов Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі болып сайланды (Мəскеу қаласы, 1994). Қазақстан Жоғары мектеп ғылым академиясын құру бастамашыларының бірі жəне вице президенті болды (1995), Халықаралық шығармашылық академиясының (Ресей, 1998); Жаратылыстану ғылымдары академиясының (Ресей Федерациясы, 2003); Ұлттық инженерлік академия (2004); Қазақ білім академиясы (2006) академигі болып сайланды; Құрметті академик (2004), вице-президент (2005), Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі (2008); Қазақ ұлттық ғылым академиясының, Музыка академиясы (2006); І. Жансүгіров атындағы ЖМУ (2012); Dankook University (Оңтүстік Корея, 2006) құрметті профессоры атағына ие болды.

2008 жылдың сəуір айынан бастап Т.Ə. Қожамқұлов ҚазҰУ ректорының кеңесшісі, ЭТФ ҒЗИ ғылыми жетекшісі, сондай-ақ 2017 жылдың сəуір айынан бастап «Қазақстандық физикалық қоғам» АБҰ («ҚФҚ» АБҰ) негізін қалаушы, əрі Президенті.

Т.Ə.Қожамқұлов Қазақстан ғалымдарының Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымымен (CERN) (Женева, Швейцария) өзара қарым қатынсына бастамашы болып, ҚР бірінші Президенті Н.Ə.Назарбаевқа хат жолдады. Бастама қолдау тапты (ҚР Президенті Əкімшілігінің 03.12.2014 ж. №ЖТ-К- 10872,1 жауабы). 2018 ж. Женевада физиктердің қатысуымен CERN мен ҚР Үкіметі арасында халықаралық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. 2019 жылы ҚР Парламенті келісімді ратификациялады жəне Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «ҚР Үкіметі мен Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымы (CERN) арасындағы Ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы халықаралық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңына қол қойды. Бұл айтулы оқиға. Қазақстанның CERN-ге қатысуы тек жаңа білімге ғана емес, сонымен қатар ғылыми зерттеулердің деңгейін жəне елдің халықаралық беделін көтеруге зор мүмкіндік береді.

Физика – əмбебап ғылым! Оның Қазақстандағы даму динамикасы туралы Т.Ə.Қожамқұловтың тəлімгерлері мен əріптестері А.З.Закарин, Х.А.Барлыбаев, С.И.Исатаев, Е.В.Коломеец, Н.М.Петрова, П.П.Полатбеков, Г.Ж.Мырзағалиев, М.М.Абдильдин, Ф.Б.Баимбетов, Б.Н.Мұқашев, А.И.Купчишин, Ш.Ш.Сарсембинов, З.Ж.Жаңабаев, Р.М.Мырзақұлов, Э.Г.Батырбеков туралы мақалаларынан білуге болады.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Т.Ə.Қожамқұлов мемлекеттік наградалармен марапатталды: «Парасат» ордені (2004), II дəрежелі «Барыс» ордені (2014); «Қазақстан Республикасының тəуелсіздігіне 10-жыл» (2001), «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астанаға10-жыл» (2008), «Қазақстан Республикасының тəуелсіздігіне 25-жыл» (2016) медальдарымен, Қазақстан Республикасының бірінші Президенті Н.Ə.Назарбаевтың Алғыс хат, «Алтын барыс» төсбелгісімен (2006), Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Алғыс хатымен» (2019) марапатталды.

Сондай-ақ шет елдер мен Отандық үздік белгілерінің иегері: П.Л.Капицаның «Ғылыми жаңалықтары үшін» медалінің иегері (Ресей, 2003), «Индустрияға жəрдемдесу қауымдастығы» SPI алтын медалінің (Франция, 2002), «Жоғары білімге сіңірген еңбегі үшін» ХҒА жоғары мектебінің медалімен (2006), Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен марапатталды (2021), ҚР Білім жəне ғылым министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен (2018), «Алматы қаласының еңбек сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен (2021), «Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері» атағы (2005), Халықаралық шығармашылық академиясының құрмет белгісі (Париж, 2002), Қазақстан Республикасы Білім жəне ғылым министрлігінің «Еңбектегі тамаша табысы үшін» (1984), «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісі (2004), Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының «Инженерлік даңқ» үлкен алтын медалі (2016), Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің үлкен алтын медалі (2016), Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Күлтегін» медалінің (2016) иегері.

Т.Ə.Қожамқұлов Алматы облысының (2001), Алматы облысы Жамбыл ауданының (2006), Талдықорған қаласының (2016), сондай-ақ Аризона штаты, Тусон қаласының (АҚШ, 2007) құрметті азаматы.

«Қазақстандық физика қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі – ерікті мүшелік негізінде жұмыс істейтін коммерциялық емес ұйым.

ҚФҚ өз қызметін мүшелерінің мүддесі үшін, Қазақстан Республикасындағы физика саласындағы қауымдастықтың қызметін үйлестіру мақсатында жүзеге асырады.

Халықаралық байланыстар

Ғалымдармен, кәсіби және қоғамдық ұйымдармен шығармашылық және іскерлік байланыстарды белсенді дамыту, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, озық білім мен тәжірибе алмасуға, бірлескен прогресс пен инновациялық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған.

ҚФҚ секциялары

Шет елдердің ғалымдарымен, кәсіби және қоғамдық ұйымдарымен шығармашылық және іскерлік байланыстарды белсенді дамыту – халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, озық білім мен тәжірибе алмасуға, бірлескен прогресс пен инновациялық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған.